ШұғылАлматыда ағаштарды заңсыз кескендерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Оралда жүргізуші автокөлігімен 3 жасар қызды екі рет басып өткен

Баланың ата-анасы жол-көлік оқиғасының куәгерлерін іздестіруде

Фото: mgorod сайтынан

Кішкентай бүлдіршін ауыр жарақат салдарынан жарты айдан бері ауруханада жатыр. Ол ашық бас сүйек-ми зақымын алған, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі Мой город басылымына сілтеме жасап. 

Баланың ата-анасы жол-көлік оқиғасының куәгерлерін іздестіруде екен. Айтуларынша, жол апаты қаладағы «Мерей» базарының көлік тұрағында орын алыпты. Отбасының жалғыз баласының жағдайы қазір өте ауыр, ауруханада үзбей ем қабылдау үстінде.

Баланың әкесінің айтуынша, кешкісін олар базарға келіпті.

«Жұбайым қызымды ертіп көлік тұрағында келе жатқан. Кенет тұраққа асқан жылдамдықпен Toyota Avensis маркалы автокөлік кіріп келді. Ол менің қызымды қағып қана қоймай, оны басып кетті. Содан ол біраз тоқтап тұрып, қайта артқа беріп, қызымды екінші рет автокөлігімен басты. Біз сол сәтті ешқашан ұмытпайтын шығармыз. Бір кезде көлік жүргізушісі далаға шығып, біздің айғайлай жанұшырған халімізге үнсіз қарап тұрды. Тек екі күн өткен соң ғана кешірім сұрап келіп тұр», - дейді қыздың әкесі.

Әкесі кішкентай бүлдіршіннің екі аптадан бері ауруханада жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, қазір қолдарында көлік тұрағында түсірілген бейнежазба бар. Алайда, ол жерде болған жағдай дұрыс көрінбейді екен. Сонымен қатар, азамат оқиға куәгерлерін іздестіріп жатқандарын айтты. 

Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментіндегілер оқиғаның 8 қараша күні кешкі сағат 6-да болғанын айтады. 

«Toyota Avensis маркалы көлігін мінген 37 жастағы азамат 2016 жылғы баланы автотұрақта қағып кеткен. Оқиғаға байланысты ҚР ҚК-нің 345-бабы бойынша іс қозғалды. Жол апатынан жарақат алған бүлдіршін жансақтау бөліміне жеткізілген», - деп мәлімдеді полиция бөлімінің қызметкерлері.