Шымкентте бір топ әйел ғимараттан шығудан бас тартып, әкімдікте түнеп шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Таңертеңнен қала әкімі Ерлан Айтахановтың қабылдауына келген әйелдер ішке кіре алмады

Шымкент әкімдігінің Ашық есік шарасы қала басшысының нағыз бас ауруына айналды. Күні бойы әкімнің қабылдауында боламыз деп үміттенген бір топ әйел Ерлан Айтахановтың алдына кіре алмай пұшайман болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Күн ұзаққа текке отырғанына ызаланған 20 шақты әйел ғимараттан шығудан бас тартып, әкімдік ішінде қонып шыққан. Баспана мәселесімен келіп, тәулік бойы есік күзеткендердің жанайқайын Бек Әбиев тыңдап келді.

Әйелдер таңертеңнен қала әкімі Ерлан Айтахановтың қабылдауына кіреміз деп, кіре алмай қалды. Ашық есік шарасын ұйымдастырған әкімдікке адам көп келіп, 30-дан аса адам кіріп үлгермепті. Басым көпшілігі – баспана мәселесімен келгендер. Пәтер жалдап тұратын олар жағдайы жоқ екенін айтып, мемлекеттен үй сұрауға дәмелі болған. 

 «1 қаңтарға дейін тұрып жатқан пәтерімді босатуым керек. Менің қасымда үй бар, ЖКХ алып қойған, Үкіметтің үйі  де бос тұр. Соны сұрауға келгенмін. Таңғы тоғызда келдім, үйде мүгедек балаларым қалды. Жаңа 10-ға жақын әкім қабылдаймыз деп еді, қабылдамай шығып кетті. Сонда біз кімбіз?» - деп ашынды көпбалалы ана Гүлнәз Маханова.

Мәселесін шешіп тастамаса да, тыңдауға басшы түгілі қосшы шықпаған соң, 20 шақты әйел кетпеуге бекінді. Әкімдік қызметкерлері мен полицейлердің ғимаратты босату туралы өтінішіне құлақ аспақ түгілі, ашуға булыққан олар кіреберістегі диван-креслоларды жатуға ыңғайлап, «әкім қабылдағанша орнымыздан қозғалмаймыз» деп шарт қойды. Тіпті, әкімнің қарамай кетіп қалғанына ызаланған кейбіреуі айғайға басты.  

Шымкенттің бас ғимаратындағы жағдай шиеленіскен сайын полицейлер көбейіп, тіпті жарықты да сөндіріп тастады. Дегенмен, түнделетіп Ерлан Айтахановтың орнына орынбасары келді. Әкім орынбасары әбден ашуланған әйелдерге басу айтып, тіпті олардың үйіне барып қиын жағдайын да көретін болды. Ал баспана мәселесін «келесі жылы шешеміз» деп уәдені үйіп-төкті. 

«Биыл беретін үй жоқ. Дегенмен, 2020 жылға көпбалалы аналарға салынып жатқан үйлер өте көп. Ендігі жылы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда тек кезегі келген азаматтарға және көпбалалы аналарға ғана үй береміз», - деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бұхарбай Парманов. 

Әйелдердің беталысынан ықты ма, әлде бос уақыты пайда болды ма, әйтеуір Ерлан Айтаханов оларды тәулік өткен соң ғана қабылдады. Бірақ тілшілерді кіргізген жоқ. Әкім қабылдауында болған әйелдердің айтуынша, кезегі  келгенше пәтерақыны көтеретін демеуші іздеп көрмек екен. Ал оған дейін көпбалалы аналардың азық-түлігі, көмір мен отынына қол ұшын беретін болыпты.