«Команданы жігерлендіргім келді»: жаттықтырушы волейболшы қыздарды ұрмағанын айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Бұған дейін желіде жаттықтырушының қыздарды ұрған видеосы тарап кеткен еді

Фото: видеокадр

Әлеуметтік желіде жарыс кезінде волейболшы қыздардың бірін ұрған жаттықтырушы Азамат Тұрмағамбетовтың видеоүндеуі жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Лада» басылымына сілтеме жасап.

Жаңаөзен қаласындағы № 3 орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімінің айтуынша, видеодағы қыздар - спорт жарыстарында жоғары нәтиже көрсетіп жүрген волейбол командасының мүшесі.

«Сырт көзге шапалақпен ұрғандай болып көрінгенімен, шын мәнінде олай емес. Алтыншы нөмірлі ойыншы - команда көшбасшысы. Мен өз әрекетіммен оны және команданы жігерлендіргім келді. Әрекетім сырт көзге дөрекі көрінсе, кешірім сұраймын», - деді жаттықтырушы.

Айта кету керек, әлеуметтік желіде жаттықтырушының волейболшы қыздардың бірін басынан және бетінен ұрып жатқан видеосы кең тарады. Маңғыстау облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, спорттық іс-шара Мұнайлы ауданында көрермендерсіз өткен. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жаттықтырушы ретінде тіркелмеген және жарысқа оны ешқандай ұйым жібермеген. Оқиға бойынша комиссия құрылған.