Алматыда тауда жоғалып кеткен адам үш күннен бері табылмай жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Ол жолдан адасып кеткен

Алматыда құтқарушылар тауда үш күн бұрын жоғалып кеткен ер адамды таба алмай жатыр. Ол Титов көлі маңында адасып кеткен, деп хабарлайды республикалық шұғыл-құтқару жасағаның баспасөз қызметі.

Ер адамның жоғалып кеткені туралы ақпарат құтқарушыларға 12 желтоқсанда келіп түскен. Белгілі болғандай, ол сол күні таңертең тауға көтеріліп кеткен де, түнге қарай кері түскен. Қараңғыда жолдан адасып қалыпты. Оның үстіне күн күрт суып, өздігімен жүре алмай қалған.

Іздеу жұмыстарына құтқарушылармен бірге иісшіл иттер де жұмылдырылды.

«Ауа райының қолайсыздығына, қараңғы мезгілге және жолсыздыққа қарамастан, іздеу жұмыстары түні бойы жалғасты. 12-14 желтоқсан аралығында құтқару жұмыстарына 39 адам, бес иісшіл ит және алты дана техника жұмылдырылды.

Қазіргі таңда құтқарушылар Күмбелсу өзенінің маңайын тексеріп, жоғалған адамның соңғы рет байланысқа шыққан жеріне қарай бара жатыр. Құтқару жұмыстары ауа райының қолайсыздығына байланысты қиындап кетті, бірақ тоқтаған жоқ», - делінген аталған хабарламада.