Шымкентте құрылысы енді басталған ғимарат құлап, 6 адам зардап шекті

Автор: Azattyq Rýhy

Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратқа сүйенсек, оқиға 21 қараша күні шамамен сағат 15:30-де болған

Қаланың Қаратау ауданына қарасты Сайрам тұрғын алабындағы Ибрагим ата көшесіндегі номерсіз үйде салынып жатқан 1500 шаршы метрлік алып ғимараттың (алдын ала болжам бойынша меррамхана –авт.) төбесі мен темірбетон қабырғалары құлап, 6 құрылысшы астында қалып қойған. Қиранды астында қалғандарды №3 қалалық ауруханаға жеткізген.

«Құрылысшылардың барлығы Өзбекстан азаматтары. Төтенше жағдай болған жерді тексеру үшін 24 қызметкер мен 3 өрт сөндіру техникасы, 8 құтқарушы, 2 арнайы техника және 1 кинолог маман келді. Олар қираған орында іздестіру жұмыстарын жүргізді», - деп хабарлайды төтенше жағдайлар қызметінің Шымкент қаласы бойынша департаменті.

Бүгін құрылысы енді басталған тойхана ғимараты қирады. Одан бөлек, Шымкент қаласындағы кей тойхана иелері қомақты салық төлемес үшін ғимараттың құнын мемлекеттік бағдарламамен салынатын әлеуметтік үйлердің бағасынан да арзан етіп көрсетіп отырған. Бұл жөнінде жақында Шымкент қаласы бойынша кірістер департаментінің басшысы Нұралхан Көшеров айтқан еді.

«Мәселен, «Оңтүстік» тойханасы. Меншік иесі - Қамбаров. Бағалау құны 358 миллион теңге болған. Сонда бір шаршы метрі 43 мың теңге. Өзі коммерциялық нысан. Өздеріңіз білесіздер, қазір мемлекеттік бағдарламалармен салынып жатқан әлеуметтік үйлердің 1 шаршы метрі 165 мың теңге көлемінде. Ал, «Оңтүстік» тойханасы коммерциялық нысан бола тұра, шаршы метрі 43 мың теңгеден. Бұл дұрыс емес. Осы бағытта талдау жұмыстары жүргізіліп, ғимаратты қайта бағалап, 1 шаршы метрін 282 мың теңгеге дейін көтерді. Сонда зәулім мейрамхананың құны 1 млрд 305 млн теңгеге жетті. Сол сияқты «Royal Rose» мейрамханасы да ғимараттың 1 шаршы метрін 58 мың теңгеге бағалаған. Алайда, оны қайта қарап, 248 мың теңгеге көтердік», - дейді департамент басшысы.

Салық органы мен палата бағалаушылары осы бағытта меншік иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нысандарға арнайы тексеру жүргізетіндерін айтып, ескерту жасаған. Нәтижесінде шаһардағы 19 мейрамхана иесі ғимарат құнын 5 есеге дейін арттырған.

Арай ЕСЕНБЕК, Шымкент