Апат болған автобустан 16 адам қашып үлгерген – Ішкі істер министрлігі

Автор: Azattyq Rýhy

Алматы-Шамалған темір жол бекетінде пойыз қаққан автобустан 16 адам сыртқа шығып үлгерген. Бұл туралы бүгін жедел өткен брифинг кезінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті

Кеше, 15 қыркүйек күні Шамалған стансасында болған жол-көлік оқиғасы кезінде автобустан 16 адам сыртқа шығып үлгерген. Бұл туралы бүгін өткен жедел брифингте Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.  

«2019 жылы 15 қыркүйекте сағат 19.00 шамасында Алматы-Шамалған темір жол бекетінде Алматы Қостанай жолаушылар пойызы жолаушылар автобусымен соқтығысты. Мәселенің мән-жайы анықталып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, автобус жүргізушісі кептелісте тұрып қалған. Жүргізуші  пойызды көріп, артқы есігін ашқан. Сол мезетте 16 адам автобустан шығып үлгерген. Апат кезінде көлік ішінде төрт адам болыпты. Жүргізуші және бір әйел, екі баласымен. Автобус жүргізушісі оқиға орныда қайтыс болды, қалған жолаушылар Қарасай аудандық ауруханасында ауыр халде жатыр», - деді министр.  

Қазір оқиға орнында көліктегі полиция департаменті және Алматы облысыны полиция департаментінің жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 344 және 345 бабымен іс қозғалды.  Бүгінгі таңда Ішкі істер министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі комиссия құрған.

Ал, зардап шеккен әйел мен жүргізушінің арасында туыстық қатынас бар ма, жоқ па, оны Ішкі істер министрі растай алмады.

Еске салайық, кеше кешкісін Алматы маңында пойыз бен автобус соқтығысып, апат салдарынан автобус жүргізуші қаза тапты. Үш адам ауыр хәлде ауруғанаға түскен. Қазір төтенше жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан