Ол Қытайда өлім күтіп тұрғанын айтып, көмек сұрады
Шыңжаңнан (Синьцзянь) келген 23 жастағы этникалық қазақ Ерсін Еркінұлы Украинада қамақтан босатылды. Ол шекараны заңсыз кесіп өткені үшін ұсталған еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, 23 жастағы Ерсін Еркінұлы қазан айының соңында Түркиядан Киевке келген. Ол Киевтің Борисполь әуежайында құжаттарын жоғалтып алып, «шекарадан заңсыз өтті» деген айыппен ұсталған болатын.
Қытайға жер аударылуына жол бермеуді сұраған Ерсіннің бейнехабарламасынан кейін Украина билігі оған «пана іздеуші» мәртебесін берді.
«Менің Қытай азаматтығын көрсететін төлқұжатым жоғалды. Украина соты мені Қытайға қайтаруды жоспарлап отыр. Ал Қытайда мені тұтқындау, азаптау, қорлау және өлім күтіп тұр. Мені Қазақстанға алып келулеріңізді сұраймын», - деді Ерсін Еркінұлы бұған дейін қазақстандық БАҚ-қа жолдаған хабарламасында.
Сонымен, Ерсіннің айтуынша, Львовтағы сот дүйсенбіде ол берген апелляциялық шағымды қарап, 6 қарашада депортациялау туралы шешім қабылдаған төменгі агенттіктің бұйрығын жойды. Кейінірек депортациялау процедурасы да тоқтатылды.
Ерсіннің адвокаты Украина астанасында қандасымызды қазақ диаспорасының өкілдері қарсы алатынын нақтылады.