Қызылорда облысында автокөлік мұз астына түсіп кетіп, 4 адам қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Көлік салонында жеті адам болған, үшеуі аман қалған

8 желтоқсанда Қызылорда облысының Арал ауданында Қамыстыбас ауылынан 35 шақырым жердегі Қамбаш көлінде «УАЗ» маркалы автокөлік мұз астына түсіп кетті. Автокөлік салонында 7 адам болған. Оның 3-еуі көліктен шығып үлгерген. Құтқарушылар суға батып кеткен 1985, 1981, 1994, 1973 жылы туған 4 адамды іздестірді. Бірақ түнгі уақытта іздестіру жұмыстары тоқтатылған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.

«9 желтоқсанда таңертең іздеу жұмыстары жалғасты. 7 метр тереңдікте (мұздың қалыңдығы 25 см) УАЗ автокөлігі табылды. Автокөліктің ішінде қайтыс болған адамдардың денесі бар. Сағат 10:05-те құтқарушылар қаза тапқан 4 адамның мәйітін полиция қызметкерлеріне тапсырды», - деп хабарлады ол.

Іздестіру жұмыстарына Қызылорда облысы ТЖ департаментінің, Полиция департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары және туыстары (27 адам, 7 бірлік техника) жұмылдырылды.