Каспий жағалауындағы қамысты өртейтін кімдер?

Автор: Azattyq Rýhy

Ведомство басшысы аңшылардан, аңшылар ауыл тұрғындарынан көреді

фото: azh.kz

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Омар Бержанов «Ақ Жайық» басылымына берген жауабында Каспий жағалауындағы қамыстың жиі өртенуін аңшылар жаққан отпен, темекісін сөндірмей тастап кетуімен байланыстырған. Алайда, облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамының өкілдері мұнымен мүлдем келіспейді. Олар қамысты Кеңөзек ауылдық округі тұрғындарының өздері өртейді деседі.

Кәсіпкер-аңшы Ерік Ботахановтың пікірінше, қамысты Кеңөзек ауылдық округінің мал ұстайтын тұрғындары әдейі өртейді.

«Олар мұны малға азық болатын құрақ өсіп шықсын деп жасайды. Аңшыларға ол не үшін керек? Егер мен қамысты өртесем, өзім тұншығып қаламын ғой. Өзім құс аулаймын, ал маған оларды үркітудің қажеті қанша?», - дейді Ботаханов.

Е. Ботахановтың айтуынша, аңшылар от жағуды әлдеқашан тоқтатқан, енді олар газ жанарғысын қолданады.

«Газ қондырғысы әр жанармай бекетінде 350 теңгеден сатылады. Олардың көмегімен шай қайнатып, кешкі ас дайындаймыз. Бұл от жағып пісіргеннен әлдеқайда ыңғайлы әрі жылдам. Аңшылар – жағдайы бар, ауқатты адамдар. Көпшілігінде жылжымалы қолжуғыш, мобильді монша бар, олардың құны 750 мың теңге тұрады. Жұмсақ жерде ұйықтаймыз, жылы сумен жуынамыз. Жабайылық деген жоқ. Әр адам өзімен бірге қоқыс салатын үлкен қап алып жүреді. Қоқысты жинап, шұңқыр қазып, газ қондырғысының көмегімен өртейміз. Бұлай етпейтін бірді-екілі ақылсыз жандардың бар екенін жоққа шығармаймын. Бірақ мен оларды аңшы деп атағым келмейді. Басқасының бұған қатысы қанша?», - деп тоқталды ол.

Кеңөзек ауылдық округінің тұрғындары жазда, жел оңтүстіктен соққан кезде ыстың иісінен тыныс алу мүмкін болмайтынын айтады. Ал салқын түскен кезде, күз бен қыста жел солтүстіктен соққандықтан, иіс онша білінбейді. Айтпақшы, Кеңөзек ауылдық округінің құрамына Тасқала 1, 2, 3 және Зарослый ауылының учаскесі кіреді. Бұл округті Тасқала ауылы деп атайды.

«Қамысты өртеудің қажеті қанша бізге? Оның үстіне жағалау батпақты жер, ол жерге бара алмаймыз. Біз де аңшылардың ісі деп ойлаймыз. Олар аң аулап қана қоймай, жай демалуға барады. Мас боп шығатындарын талай көрдік. Ал бізде бірде-бір балықшы да, аңшы да жоқ. Бәрі мал шаруашылығымен айналысады. Бәрінің мал жайылатын өз жері бар. Бізге енді ыстың иісі жетпей тұр еді, онсыз да күн сайын АМӨЗ күкіртінің иісін жұтып отырмыз», - дейді Тасқала ауылының тұрғындары.  

Жергілікті тұрғын Мария Баймешева көп жылдан бері мал ұстайды екен.

«Өзіміздің жеке шаруа қожалығымыз, АМӨЗ сарқынды сулар каналының бойында өз жайылымдық жеріміз бар. Ол жерде шөп пен қамыс өседі. Біз оны өртемейміз, шауып аламыз», - дейді ол.

Тасқала ауылының әр жерінде мал ұстайтын және жеке жайылымдық жерлері бар бірнеше фермер телефон арқылы сөйлескенде, бәрі дерлік Каспий жағалауындағы қамысты өртеуіміз мүмкін емес деп жауап берген. Айтатын уәждері - ол жерге бару мүмкін емес және мал шөбі жеткілікті жайылымдары бар.

«Перетаска каналының бойында АЖЭО-ның техникалық суы ағып жатқан өз жайылымдық жерім бар. Су көп болып, учаскелерімізге жайылған кезде шөп, әсіресе, қамыс жақсы өседі. Бірақ өкінішке қарай, батпақ болғандықтан, бізге шөп шабу үшін трактормен жету қиын. Шөпті су кеткен кезде шабамыз. Иә, біз кейде трактор өту үшін қураған шөпті, жыңғылды жағамыз. Өртейтін алаң шамамен 10 сотық жер болады. Бұл туралы міндетті түрде ауылдық округ әкімшілігіне алдын ала хабарлаймыз және өрт қауіпсіздігін сақтаймыз», - дейді аты-жөнін айтудан бас тартқан қожалық иесі.

«Әліби» шаруа қожалығының өкілі Бауыржан Ембергенов аңшылардың жауапкершіліктен жалтарып отырғанын айтады.

«Осы күзде Каспий теңізінің жағасында, ауылдан 30 шақырым жерде қамыс жанды. Бұл бізден өте алыс, оған жете алмаймыз, ол бізге қажет те емес. Менің жайылымдық, шабындық жерлерім ауылдан 14 шақырым жерде орналасқан. Біз ол жерде малымызды жайып, шөбін шабамыз, бізге осы жеткілікті. Ал аңшылар жауапкершіліктен жалтару үшін бізден көріп отыр», - дейді ол.