Петропавлда күйеуінен жәбір көрген әйел өзіне қол жұмсамақ болды
Оқиғаға қатысты сот-медициналық сараптамасы тағайындалды
Петропавлда көпірден секіріп, өмірмен қоштаспақ болған әйелді полицейлер ажалдан арашалап қалды. Оның мұндай қадамға баруына күйеуінің үнемі қоқан-лоққы көрсетіп, ұрып-соғуы себеп болған, деп хабарлайы Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түнде Петропавл қалалық Полиция басқармасының Екінші полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы мобильдік топ құрамында Жұмысшы кентіндегі көпірден өтіп бара жатады. Олар көпір қанатының арғы бетінде тұрған әйел адамды байқап қалады. Полицейлерге жақын маңда өтіп бара жатқан қала тұрғыны да көмекке асығады. Олар бірлесе әйелдің теміржол рельстеріне секіруіне тосқауыл болған. Кейін анықталғандай, сол күні әйел бұған дейін де бірнеше рет ұрып-соққан, бірге тұратын жігітіне қатысты арыз жазып, үйіне қайтуға қорыққан. Барар жер, басар тауы болмаған жәбірленуші тығырықтан шығар жолды өз-өзіне қол жұмсау арқылы таппақ болғанын жасырмады.
Жұмысшы кентінде әйел досының үйінде түнеп шықпақшы болады, алайда құрбысы оны кіргізбейді. Екі баланың анасы ашынғаннан жақын маңдағы теміржолдың үсітінен көліктер мен жаяу жүргіншілер қатынайтын өткелден секіруге бел буған. Мамандардың хабарлауынша, жүйкесі сыр берген әйелге бірден психологиялық көмек көрсетілген. Қазіргі уақытта ол тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған баспанаға орналастырылды.
Бірінші ПБ қызметкерлері бірге тұрған жігітіне қатысты материалдар жинауда.
«Учаскелік полиция инспекторы мән-жайды анықтайды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның нәтижесі бойынша жауапкершілікке тарту мәселесі туралы шешім қабылданатын болады», - деп нақтылады Петропавл қ. ПБ ЖПҚБ бастығы полиция подполковнигі Анарбек Байгутдинов.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО