Төтенше жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
«Қазақстан темір жолы» ҰК Алматы облысының «Алматы–Отар» учаскесінің «Ақсеңгір-Шамалған» жол өткелінде болған жолаушылар пойызы мен автобустың соқтығысуына қатысты арнайы комиссия құрылды деп хабарлайды.
№43 «Алматы-Қостанай» пойызы мен («Түрксіб-Астана» ЖШС жеке тасымалдаушы) «Алматы-Қаскелен» автобусының (№456 рейс) соқтығысуы 2019 жылдың 15 қыркүйегінде сағат 19.08-де Алматы жол бөлімшесінің «Алматы–Отар» учаскесінің «Ақсеңгір-Шамалған» жол өткеліндегі екінші пикетте болды.
«№757 АR 05 автобус жүргізушісі өткелдің арғы жағындағы жолдың бостығына көз жеткізбестен, релстің үстіне шығып кетіп, кептеліс салдарынан орнынан қозғала алмай қалған. №43 жолаушылар пойызы жақындаған кезде өткелдің дабыл құрылғысы автоматты түрде іске қосылып, «қызыл» бағдаршам жанған. Алайда шлагбаум автокөліктің өткелде тұрып қалуына байланысты соңына дейін жабылмай қалды», - дейді ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Өткелдегі кезекші жолаушылар пойызын тоқтату үшін ескерту бағдаршамын іске қосқан.
«Осы орайда №43 жолаушылар пойызының машинисі жедел тежегішті іске қосқанымен, арақашықтықтың аздығынан қақтығыстың алдын ала алмады. Соқтығысу нәтижесінде автобусты жолдан қағып, KZ4AC-0010 электровозы зақымданды, бірақ жолдан шыққан жоқ»,- дейді ҚТЖ.
Қақтығыс салдарынан №43 пойызының электровозы ауыстырылды. Пойыз жолаушылары арасында зардап шеккендер жоқ.
Еске салайық, кеше кешкісін Алматы маңында пойыз бен автобус соқтығысып, апат салдарынан автобус жүргізуші қаза тапты. Тағы тоғыз адам әртүрлі деңгейде ауыр жарақат алған. Оның үшеуі ауыр хәлде ауруғанаға түсті. Қазір төтенше жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.