Бұрын да 4 рет түрмеде отырып шыққан Әбдіхалық Тәңірбергеновке ҚР ҚК-нің екі бабы бойынша айып тағылды
Түркістан облысында намаз оқып, діни білім алатын бөлмесін есірткі қоймасына айналдырған азамат сотталды. Бұрын да 4 рет түрмеде отырып шыққан, деструктивті салафизм ағымының жақтаушысы Әбдіхалық Тәңірбергеновке ҚР ҚК-нің екі бабы бойынша айып тағылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Биыл жыл басында ұсталған күдіктіге қатысты іс материалдарында оның ірі мөлшердегі есiрткi заттарды дайындап, сақтауды діни амалдарды орындайтын бөлмеде жүзеге асырғаны белгілі болды. Мұны сотталған азамат өз «діни» ағымының аталған әрекеттерге рұқсат беретінімен түсіндірді.
Жат ағым жетегінде жүрген жетісайлық көпбалалы әкенің кәмелетке толмаған 5 баласы мен мүгедектігі барын ескерген Жетісай аудандық соты оған 1,5 жылға бас бостандығын шектеу және 90 АЕК көлемінде айыппұл төлеу жазасын тағайындады.