Елорда дәмханасында болған жарылыстан зардап шеккен тағы бір адам қайтыс болды

Жансақтау бөлімінде тағы екі адам жатыр

Елорда дәмханасында болған жарылыстан зардап шеккен тағы бір адам қайтыс болды

21 қарашада елордада дәмханалардың бірінде газ баллоны жарылып, оқиға орнында 1 адам қаза тапты. 23 қарашада елордалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі дәмханада болған жарылыстан зардап шеккен тағы үш адамның жансақтау бөлімінде екенін жеткізді. Бүгін сол зардап шеккен азаматтардың бірі қайтыс болды.

«Ауруханаға өте ауыр жағдайда түскен науқас жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Науқаста ми және жұлын зақымы болды. Ауруханаға түскен сәттен бастап науқасты №2 көпсалалы қалалық аурухана мен Ұлттық нейрохирургия орталығының мамандары қарап шықты. Алайда барлық жүргізілген емдеу шарасына қарамастан, науқасты аман алып қалу мүмкін болмады», - деп хабарлайды басқарма өкілі.

Басқарма өкілінің хабарлауынша, жансақтау бөлімінде жарылыстан зардап шеккен тағы екі адам жатыр.

Айта кетейік, аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Өрт-техникалық және сот сараптамалары тағайындалды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.