Ереуілді өз көзіммен көрдім: Қазақ жастары Гонконгтен елге оралып жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Соңғы күндері Гонконгтағы наразылықтар қайтадан шиеленісіп, тұрғындар өміріне қауіп төніп тұр  

Шаһарда шерушілер жолдарды жауып, тоннель мен көпірлерде көлік қозғалысына қиындықтар тудырған. Бұқаралық ақпарат құралдары биыл маусым айында басталған ереуіл шарықтау шегіне жеткенін айтып жатыр. Халықты ереуілге шақырған топтар жергілікті оқу орындарының студенттерін үгіттеп, билікке қарсы наразылыққа итермелеп жатыр. Осы оқиғаларға байланысты  Azattyq Rýhy  тілшісі бүгін елге оралған қазақстандық студентпен тілдескен.  

Нұржан Арманжан Алматыдағы білім-инновация мектебін бітіріп, биыл Гонконг қаласындағы 200 жылдық тарихы бар университеттің грантын жеңіп алған. Дарынды оқушыға осы елдің беделді 4 білім ошағынан тегін гранттар келген. Сараптай келе талапкер Гонконг бизнесті басқару университетін таңдаған. Нұржан оқуға барғанда ереуілдің басталғанына екі ай болыпты. Студент соңғы күндері онда жағдайдың ушығып тұрғанын айтады.

«Жазда толқулар аздап-аздап басталған болатын. Біз ол жерге барғанда, жаңалықтарда ылғи көрсетіп  жатты. Көп мән бермейтінбіз. Ал қазір сол шарықтау шегіне жеткен сияқты. Себебі өте қатты жүріп жатыр. Біз оқыған университетте де насихат қатты. Дәліздерде, кіре берісте баннерлерде ереуілге шығу керек деген насихат жазылып тұрады. Оны университет басшыларының  алып тастаңдар дегенін  көрмедім»- дейді қазақстандық студент.

 

Фото. Нұржан Арманжан, Гонконг бизнес басқару университеті студенті

Жалпыхалықтық ереуілдің қозғаушы күші - студенттер. Нұржан жоғарғы оқу орындарына келіп, немесе онда оқитын  студенттер тарапынан наразылыққа еріңдер деген ұрандарды күнде еститінін айтты. Оқу процесі енді 15 қаңтарға дейін қашықтан жүргізілмек. Жағдай бір қалыпқа түссе, шетелде білім алуды екінші семестрде жалғастыруға мүмкіндік болады.

«Ереуілді өз көзіммен көрдім.  «Банкок» деген ауданға барған едім, Алматыға қайтатын болған соң, үйге сыйлық алғым келді. Адамдарға су шашып, қолдарын қайырып құрықтап жатыр екен. Адамдарға қауіп бар, бірақ туристерге, халықаралық бағдарламамен оқитын сутденттерге құжатыңды көрсетсең, тиіспейді.  Десе де оқу орнының басшылығы  қауіпсіздік үшін қайтыңдар, онлайн оқуға көшеміз деп айтты»- дейді Нұржан.

Гонконг бизнесті басқару университетінде 9 қазақстандық студент білім алады. Олардың екеуі кеше елге оралған. Бүгін тағы 4-уі «Эйр Астана» компаниясының рейстерімен Қазақстанға келе жатыр. Демалыс кезінде қайту үшін алдын ала сатып алынған ұшақ билеттерін студенттерге әуе компаниясы айыппұлсыз ауыстырып берген.

Қазақстан Сыртқы істер минстрлігінің дерегінше, елімізге Гонконг ЖОО-да оқып жатқан  118  студент оралған. Бүгін сағат 15-00-де Алматы халықаралық әуежайына тағы да 30 студент ұшып келді. Сыртқы істер министрлігі бұл қалада оқып жатқан барлық студентті  елге қайтуға шақырады.  Сол сияқты қазақстандықтарды да қауіпсіздік үшін бұл елге уақытша сапарға шықпауға кеңес береді. Қосымша ақпараттарды Гонконгтағы Қазақстанның бас консулдығының ресми сайтынын алуға болады, делінген министрлік  хабарламасында.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы