$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.11.2020, 01:58
Оқиғалар

Түркістан облысында науқас өліміне себепші болған дәрігердің қателігі дәлелденді

Өңірлік тергеу басқармасының соңғы 10 жылдық тарихында мұндай жайт кездеспеген

Түркістан облысында науқас өліміне себепші болған дәрігердің қателігі дәлелденді

Түркістан облысында тергеушілер науқасты емдеуде өрескел қателікке жол берген дәрігердің ісін дәлелдеп шықты. Дәрігердің салғырттығынан науқастанып келген ер азамат жансақтау бөлімінде көз жұмған болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2019 жылы Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, ағасының өліміне дәрігердің кінәлі екендігін айтады. Аталған жайтты полицейлер 317-бабы «Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы» бойынша бірден тіркеуге алып, тексеруді бастайды. Істің күрделілігі ескеріліп, аудандық полиция бөлімінен облыстық Полиция департаменті Тергеу басқармасының өндірісіне, яғни ондағы тәжірибелі маман Алтынай Жолымбековаға жүктеледі.

Аса маңызды істер бойынша аға тергеуші Алтынай Жолымбекова айтып өткендей, мән-жайды толығымен ашып, науқастың өліміне ненің және кімнің себеп болғанын анықтау оңайға соқпады. Себебі Таразының бір жағында қайтыс болған ер азаматтың жақындары, бір жағында дәрігердің өмірі тұрды. Олардың жақындары тергеудің нәтижесін асыға күтті.

«Бұл оқиға жылдам болған еді. 2019 жылдың қыркүйегінде қалалық ауруханаға науқастанған ер азаматты жедел жәрдем жеткізген. Қабылдау бөліміне түскен тұрғынды қараған дәрігер оған ем қабылдауға рұқсат береді. Және медбикеге нұсқау бойынша науқасқа тамырдан ине салуды тапсырады. Тиісті емнен соң өзін жақсы сезінгендей болған науқас үйіне қайтады. Алайда бірнеше сағаттан соң ол үйінде дастархан басында отырып, өзін жайсыз сезініп, қайтадан ауруханаға жеткізіледі. Бұл жолы науқас жансақтау бөліміне түсті. Яғни, ер азамат дұрыс қойылмаған диагноз бен тағайындалған емнің салдарынан есін жимастан қайтыс болған», - деп түсіндірді аға тергеуші.

Өлімнің неден болғанын анықтау мақсатында сараптамалар тағайындалды. Оған қоса сарапшы мамандардың қандай қорытынды шығаратыны біраз уақытқа созылды.

«Куәгерлермен сөйлестім, жауаптар алдым. Қажетті деген барлық шараларды жүргіздім. Бірнеше ай ішінде айғақты заттарды бөлшектерден құрастырып, жинақтадым. Нәтижесінде істі айыптау актісімен бірге сотқа жолдадым. Осы жылдың күзінде сот шешімімен дәрігерге 1 жыл 6 ай мерзімге дейін медицина саласында қызметпен айналысу құқығы шектеле отырып, бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Соңғы 10 жылда Түркістан облысы тергеу басқармасының тарихында мұндай жайт кездеспеген еді...», - деді полиция майоры Алтынай Жолымбекова.

Серіктес жаңалықтары