Бұл ұйымның қызметіне Қазақстан Республикасы аумағы бойынша тыйым салынған
Петропавл қаладасында үй жалдап, көпшілікке қызмет көрсеткен «Ата жолы» (Ақ жол) ұйымының өкілі ұсталды. 1974 жылы туған Қызылжар ауданының тұрғыны солтүстікқазақстандықтарға белгілі бір сомаға қасиетті жерлерге зиярат ету, сырқаттарды емдеу сынды тағы басқа қызметтер ұсынған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар секта өкілі Жамбыл көшесінде жалдап тұрып жатқан үйінде адамдарды қабылдап, адыраспанмен және шипалы сумен жан-тәнді тазалау, ата-баба аруақтарына табыну сияқты тағы басқа ҚР аумағында тыйым салынған оккультік-мистикалық ағымға тән емдеу тәсілдерін қолданған.
Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Петропавл қалалық Полиция басқармасының Бірінші полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторымен бірлесе, оккульттік-мистикалық ұйымның заңсыз қызметін жүзеге асыру фактісін анықтады. Тінту барысында айғақтар табылған.
СҚО Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Руслан Жарасбаевтың сөзінше, солтүстікқазақстандыққа қатысты ҚР ӘҚБтК 489-бабы 10-б. «Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркелмеген, сол сияқты қызметi тоқтатыла тұрған немесе оған тыйым салынған қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметiне қатысу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Оған 25 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынды.
Айта кететіні, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының 2009 жылғы 5 ақпандағы шешіміне сәйкес «Ата жолы» («Ақ жол») ЖШС қызметіне Қазақстан Республикасы аумағы бойынша тыйым салынған. Оның өкілдері заң жүзінде жазаланады.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО