Нұр-Сұлтанда 18 жастағы қызға шабуыл жасаған 60 жастағы ер адам ұсталды
Күдікті Өзбекстан Республикасының азаматы болып шықты
Нұр-Сұлтанда 18 жастағы қызға шабуыл жасаған 60 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жәбірленушінің айтуынша, оқиға сағат 22:00-де орын алған. Белгісіз ер адам артынан жүгіріп келіп, оны жерге құлатпақшы болған және қолынан ұялы телефонын тартып алғысы келген. Қыз көмек сұрап айқайлаған. Қылмыскер қорыққанынан оқиға орнынан қашып кеткен.
Ер адамның тонау жасауға оқталғаны туралы хабарламаны алғаннан кейін полиция қызметкерлері оқиға орнына тез арада шығады. Жедел- іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталды.
«Жәбірленуші күдіктіні таныды. Полиция тергеу әрекеттерін жүргізу барысында ұсталған адамның бұрын да екі әйел адамға шабуыл жасап, оқиға орнынан қашып кеткен тонаушыға келетінін анықтады», - делінген хабарламада.
Жәбірленушілердің бірінің айтуынша, кешке жақын үйіне келе жатқанда белгісіз адам басынан бірнеше рет ұрып, қолынан ноутбугын, жеке заттары салынған сөмкесін, ұялы телефонын тартып алған. Содан соң белгісіз бағытқа қашып кеткен. Екінші жәбірленушінің айтуынша, үйіне қайтып келе жатқанда қарсы келе жатқан ер адам қасынан өтіп кетіп, кенеттен артқа қайтқан. Артынан келіп, ұялы телефонын тартып алған. Ұсталған адам Өзбекстан Республикасының азаматы болып шықты. Ол өзі істеген іс-әрекетін мойындады.
Әйелдердің бірінің ноутбугын және жеке заттарын жерге көміп тығып қойған.
Ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.