СҚО-да әкім мас болып, қызметтік көлікпен қоршауға соғылған
Машинаның қоршауға соғылып, майысқан жерлерін Қайырболат Чехманов өз қаражатына жөндетіп үлгерген
Әлеуметтік желілерде Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданына қарасты Якорь ауылдық округінің әкімі Қайырболат Чехмановтың мас болған күйі түсірілген видео тарады. Видео авторының айтуынша, шенеунік үйдің қоршауына соғылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Аталған фактіге қатысты Қызылжар ауданы әкімі аппаратының жетекшісі Қуаныш Сабралинов сұхбат берді. Мас болып, темір тұлпармен сайраңдаған шенеунік өткен аптада өз еркімен қызметінен кету туралы өтініш жазған болып шықты. Алайда, видеодағы көліктің нөмірінен оның қызметтік машина екені аңғарылып тұр.
«Чехманов мемлекеттік қызметшінің әдебі кодексін бұзды. Осы қылығымен барша мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірді. Ауылдық округ әкімі жергілікті халықтың жағдайын ойлауы шарт, оның мұндай әрекеті ақылға сыймайды. Чехманов 14 қараша күні өз еркімен қызметінен кету туралы өтініш жазған болатын. Аудан әкімі іссапарда болғандықтан, оның міндетін атқарушы өтінішіне қол қойып берді. Ол денсаулығына байланысты бұған дейін де қызметінен кетпек болған», - дейді аппарат жетекшісі.
Аудандық әкімдік қызметкері хабарлағандай, машинаның қоршауға соғылып, майысқан жерлерін Чехманов өз қаражатына жөндетіп үлгерген. Сондықтан ол мемлекет көлігін мінгені үшін жазаланбайды.
«Кешкілік үйде отыр едім, соққының дыбысын естідім. Далаға жүгіріп шықсам, көлікте әкім отыр. Мас екен. Содан соң оны ұялы телефонға түсірдім. Қоршауды соқты, бірақ бүлінген ештеңе жоқ. Сондықтан жауапты мекемелерге шағым жазған жоқпын», - дейді Якорь ауылының тұрғыны Олжас Жантасов.
«Чехманов 2018 жылдың қарашасында Қызылжар аудандық сайлау комиссиясының шешімімен Якорь ауылдық округі әкімі қызметіне кірісті. Ешқашан тәртіптік жазаға тартылған емес. Халық тарапынан ешқандай шағым түскен емес. Бірақ бұл оны жауапкершіліктен босатпайды. Біз түсінік алу мақсатында оны іздеп таба алмадық. Жол жүріп кетіпті», - деді Қуаныш Сабралинов.
Әлеуметтік желілерде мас болған шенеуніктің аудан әкімі Жанат Сәдуақасовтың туысы екені туралы да ақпарат тарады. Қызылжарлық әкімдік бұл фактіні жоққа шығарды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО