Каспийде құстар жаппай қырылып жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Мамандар мұның себебін әлі анықтай алған жоқ

Фото: ашық дереккөзден

Атыраудағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында жабайы құстар жаппай қырылып жатыр, деп хабарлайды КТК. 

Каспий теңізінің жағалауында құстар өткен аптаның аяғында қырыла бастаған. Бірақ резерват өкілдері бұл жайында ештеңе айтпады. Қанаттылардың өлімі көбейіп кеткен тұста ғана жұртқа жария етті. Басында 5-10-дап өле бастаған. Қазір өлген суқұзғындар мен шағалалардың саны жүзге тақап қалды. Жергілікті орнитологтар жылы жаққа ұшып бара жатқан құстар жолға шыдамай шаршап өлуі мүмкін деген де болжам жасап отыр.

Бұл жағдайдың нақты себеп-салдарын анықтау үшін мамандар елордадағы Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталыққа өлген қанаттылардың биоматериалдарын жіберген. Қорытындысы қашан шығары әлі белгісіз. 

«Барлық сараптама – су, топырақ, ауа, бәрінің сынамалары алынды. Әзірге нақты шешім қабылдай алмай отырмыз. Енді осыған байланысты бүгін жұмыс комиссиясы құрылып, мемлекеттік органдар және мемлекеттік емес органдардан құрылған жұмыс комиссиясымен сол аумақты барып тағы да бақылап, зерттеп қарауға дайындалып жатырмыз»,  - деді Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Мереке Шалқаров.