$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.11.2020, 22:23
Оқиғалар

Таразда өртенген үйден отбасы мүшелерінің мәйіті табылды

Өрт салдарынан бір отбасының үш адамы қаза тапты 

Таразда тағы да жан түршігерлік жағдай болды. Шаһар шетіндегі жер үйлердің бірі түнде отқа оранды. Баспанада болған 84 жастағы қария мен оның 60-тағы ұлы бақилық болды. Оларды құтқармақ болған немересі де ажал құшты, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Төрт бөлмелі үйдің түгі қалмай күлге айналған. Төбесі опырылып, шаңырағы ортасына түскен. Бір отбасы өрттің құрбаны болды. Үйінді арасынан 3 адамның мәйіті табылды. Немересі жазғы шағын баспанада баласымен жатқан. Ол түн жарымында үлкен үйдегі өртті байқап, ондағы ересектерді құтқармақ болып ішке кірген. Бірақ қайтып шықпапты.

«Миша жанып жатқан үйдегі әжесі мен әкесінің ағасын алып шығамын деп қолына су алып ішке терезіне сындырып кірген. Содан шыға алмай қалған. Түтінге тұншығып қалды ма, әлде шатыр құлап басып қалды ма, білмеймін. Естігенім осылай, нақтысын білмедім», - дейді Тараз қаласының тұрғыны Мирсабит МИРДЖАЛАЛОВ.  

Жазғы ас үйде марқұм Мишаның 8 жастағы ұлы қалған. Ол дін аман. Шырт ұйқыда жатқан балғын қазір туыстарының үйінде. Көршілерінің айтуынша жеткіншектің ата-анасы жақында ғана ажырасқан. Енді ол анасының қолына кетуі мүмкін. Төтенше жағдай мамандарыныңы айтуынша, өрт туралы хабар түнгі сағат 3-тен 40 минут кеткенде түскен.    

«Өрттің болжамды себебі электр сымдарының тұйықталуынан болғанидеп ойлап отырмыз. Қазір полиция қызметкерлерімен тергеу жұмыстары жүріп жатыр», - деді Жамбыл облыстық ТЖД бастығының орынбасары Талғат САБИТОВ.

Үш бірдей адамның өмірін жалмаған өрттің неден шыққанын мамандар анықтауға кірісті. Қазір өртенген үйдің қақпасына құлып салынды. Айта кетейік дәл осындай оқиға Таразда күз түскелі осымен екінші рет тіркеліп отыр. Өткен айдың басында ғана екі және үш жастағы бүлдіршін тілсіз жаудың құрбаны болған еді.

Серіктес жаңалықтары