Толығымен өртеніп кеткен үй орнынан үш адамның жартылай күйген денесі табылған
Сенбі, яғни 16 қараша күні сағат 00.48 кезінде өртке қарсы қызмет пультіне Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйтерек ауылының «Труженик» саяжайлық қоғамдастығында екіқабатты жеке тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабарлама түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ІІД Төтенше жағдайлар комитетінің мәлімдемесіне сілтеме жасап.
«Оқиға орнына өрт сөндірушілер келгенше үй толығымен өртеніп кеткен», - дейді ҚР ІІМ ТЖК-нің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.
Өрт сағат түнгі 02.36-да сөндірілген. Тілсіз жау 240 шаршы метр аумақты шарпыған.
«Өрт орнын тексеру барысында үйінді арасынан денесі жартылай күйіп кеткен үш адамның: 1985 жылы туған әйел мен оның 2008 және 2014 жылғы екі баласының мәйіттері табылды. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр», – деді Н.Нұрахметов.
Тілсіз жауды ауыздықтауға Алматы облыстық ТЖД жеке құрамының 14 қызметкері мен 3 арнайы техникасы жұмылдырылған.