Елордада эвакуациялық баспалдағы жоқ тұрғын үйлер бар – ТЖМ

Baqyt Premium тұрғын үй кешені жоба бойынша 9 қабат болу керек, бірақ іс жүзінде 10 қабат

Елордада эвакуациялық баспалдағы жоқ тұрғын үйлер бар – ТЖМ

Елімізде өрттің алдын алу және дер кезінде сөндіру мәселесі әлі де оң шешімін таппай келеді. Бұған әсіресе, құрылыс орындарындағы қауіпсіздік талаптарын дұрыс сақтамау жағдайлары себеп болып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин айтты.

Жауапты министрдің айтуынша, құрылыс барысында объектілер арасындағы белгіленген қашықтық сақталмайды. Өрт техникасының өтуіне кіреберістердегі заттар кедергі келтіреді. Соның салдарынан мұндай үлкен алаңдарда тілсіз жаудың өршу қаупі көп болады.  

«Көбінесе құрылыс кезінде жобадан ауытқуға жол беріледі. Соның нәтижесінде, объектілер өрт қауіпсіздігі ережесін өрескел бұзады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының Baqyt Premium тұрғын үй кешені жоба бойынша 9 қабат болады делінген. Іс жүзінде ол 10 қабаттан тұрады. Елорданың Қосшығұлұлы көшесіндегі (20, 21-үйлер) тұрғын үйлерде эвакуациялық баспалдақ жоқ. Жалпы, республика бойынша 263 ірі нысан өрескел заңбұзушылықтармен пайдаланылып жатыр», - деді министр.

Юрий Ильин баяндамасында биылдан бастап ИИДМ-мен бірлесіп жобалау сатысында нормаларды сақтау мәселесі шешіліп, өрт қауіпсіздігі бойынша сарапшылар енгізілгенін айтты.

«2018-2020 жылдарға арналған тиісті жол картасын іске асыру жарақтандыру деңгейін 40-тан 52%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік берді. Үш жыл ішінде республикалық және жергілікті бюджет есебінен 27,1 млрд теңгеге 645 техника бірлігі сатып алынды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары және Қарағанды, Алматы облыстары әкімдерінің қолдауын атап өткім келеді», - деді Юрий Ильин.

Сондай-ақ, министр Маңғыстау облысы әкімдігінің көрсетілген кезеңде бірде-бір техника сатып алмағанын айтты.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.