Павлодарда әскери қызметшілермен төбелескен екі тұрғын қамауға алынды
Әскери қызметшілердің бірі жарақат алған
Павлодар облыстық Полиция департаментінің өкілдері әскери қызметшілер мен екі жігіттің арасында болған жанжалға қатысты түсінік берді.
Құқықбұзушылық жасалған кезде ұсталғандардың екеуі де алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде болған, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Айта кетейік, әскери қызметшілер мен ер адамның арасындағы төбелес түсірілген видео әлеуметтік желіде таралған.
Облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, 1 қараша күні сағат 19:25 шамасында Қайырбаев көшесі, 104 мекенжайындағы дәмхананың жанында 26 және 37 жастағы ер адамдар бұзақылық ниетпен кезекшілікте болған 5512 әскери бөлімінің әскери қызметшісінің денсаулығына зиян келтірген.
«5512 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті күзетуге кезекшілікті қабылдағаны анықталды. Кешкі сағат 19:15-те Қайырбаев көшесі, 104-ші үйдің маңында патрульдеу кезінде екі адам балағат сөздер айтып, агрессивті мінез-құлық танытқан. Әскери қызметшілер бұл адамдардан қоғамдық тәртіпті бұзуды доғаруды және жергілікті полиция бөліміне баруды сұраған, алайда олар қарсылық білдіріп, бас тартты. Сол кезде олар әскери қызметшілердің біріне дене жарақатын келтірген. Екі жігіт те ұсталды», - дейді Жасқайрат Қайыров.
Аталған фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлімі (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сондай-ақ, 26 жастағы азаматтың бұрын бұзақылық жасағаны үшін сотталғаны анықталды.