ШҚО-да «екі баланы зорлады» деп айыпталған сотталушы ақталып шықты
Қоғам белсендісі сот шешімімен келіспейді

Шығыс Қазақстан облысында алқабилер соты екі кішкентай баланы зорлағаны үшін сотталған ер адамды ақтады. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлайды.
Басында ер адам бәрін мойындап, тергеушілерге айтып берген. Ол 16 жылға бас бостандығынан айырылған. Бірақ апелляциялық сот істі қайта қарау жөнінде шешім шығарып, ол ақталып шықты. Апелляциялық соттағы алқабилер үшін оның дәлелдері сенімді болған. Алайда, «Не молчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі сот шешімімен келіспейді.
«Қорқынышты жағдай. Менің ойымша, балалар қайта қалпына келмейтін психологиялық жарақат алды. Қазылар алқасының 11 мүшесі айыптау үкімін шығарып, 16 жыл бас бостандығынан айырады. Алайда екінші алқабилер соты оны толығымен ақтайды. Мұндайға қалай жол беруге болады? Егер біз алқабилер сотын кішкентай қалада жинасақ, онда әр адам бір-бірін білетін болса, онда объективтілікті күтудің керегі жоқ. Менің ойымша, біздің қоғам алқабилер сотына қатысуға дайын емес», - дейді Дина Таңсәрі.
Сот отырысы БАҚ-тың және басқа құқық қорғау ұйымдарының қатысуынсыз өткен. Сот қызметкерлері алқабилердің үкіміне қатысты түсінік бермеген. ШҚО сотының баспасөз қызметі қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен жабық сот отырысында қаралғанын, үкім әлі заңды күшіне енбегенін хабарлаған.
Анасының айтуынша, өгей әкесі төрт жасар қыз бен оның тоғыз жасар ағасына зорлық-зомбылық көрсеткен. Қылмыстық істің материалына сәйкес, ер адам ағасының көзінше қызды қорлап-зорлаған. Ал ұлды ұрып-соғып, иттің үйшігіне қамаған. Ол бұл қорлыққа шыдай алмай, үйден қашып кеткен. Ол үйден кетердің алдында хат жазып қалдырған. Кейін бала табылып, зорлық-зомбылық фактісі расталғанда, анасы полицияға шағымданған.