Цифрлық даму министрлігінің қызметкері күдікке ілінді

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің аймақаралық байланыс инспекциясы басшысының міндетін атқарушы жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінді

Цифрлық даму министрлігінің қызметкері күдікке ілінді
Фото: autopoisk24.net

«Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің телекоммуникациялар комитетінің Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстары бойынша аймақаралық байланыс инспекциясы» басшысының міндетін атқарушыға қатысты кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқан деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің хабарламасында.

Ол мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға бола отырып, белгіленген тыйымға қарамастан, жұбайының атына тіркелген байланыс саласында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын «Ғасыр Қазсвязь» ЖШС-ін басқаруға қатысып, осы ЖШС-ға артықшылықтар мен қамқорлық көрсеткен.

Күдіктінің өз кінәсін мойындауына байланысты оған қатысты процессуалдық ұстау шарасы қолданылмады. Күдіктіге қатысты түпкілікті шешімді оның кінәсінің деңгейін анықтауды сот қабылдайды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.