Жамбыл облысында негізсіз демалысқа шыққан бас дәрігер қызметінен қуылды

Автор: Azattyq Rýhy

Оның үстінен жазылған шағымның да кей деректері расталған

Фото: facebook.com/zhambyl.gov.kz

Жуалы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Алпысбай Батихан қызметінен босатылды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың шілде айында аудандық аурухананың қызметкері Ф. Жанбатырова «Мекеме әкімшілігі коронавируспен күреске байланысты берілген үстемақының бір бөлігін қайтаруды талап етіп жатыр» деп шағымданған. Әлеуметтік желіде жарияланған шағымнан соң ауданға қызметтік тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия аттанды.

Қызметтік тексеру нәтижесінде, Ф. Жанбатырованың келтірген кей деректері расталды. Ұжым ішінде жайсыз моральдық-психологиялық жағдай қалыптасқаны анықталды.

2020 жылдың 5 қазанында А. Батихан жұмысқа шығып, 20 қазан күні тағы бір рет уақытша жарамсыздық парағын аштырған. Денсаулық сақтау басқармасы тексеріс жүргізіп, соның нәтижесінде емдеу мекемесі басшысының демалысқа негізсіз шыққаны анықталды.

Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушының 26 қазанындағы бұйрығына сәйкес, А. Батихан тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін қызметінен босатылды.