Интимдік қызмет көрсетіндердің арасында кәмелет жасқа толмаған қыздар да болған
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің өкілдері АИТВ орталығы қызметкерлерімен бірлесіп адам саудасының алдын алу және оған қарсы күрес мақсатында интимдік қызмет көрсететін адамдарды, сондай-ақ боди массаж жасайтын адамдарды анықтау мақсатында рейд жүргізді. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Рейд барысында клиенттерге 50 мың теңге сыйақыға интимдік қызмет көрсететін қыздар тауып берумен айналысқан, Балқантау көшесіндегі сауна әкімшісі ұсталды.
Одан бөлек, массажға арналған СПА-салоны бар пәтерлер мен коттеджер анықталған. Салондарда «боди массаж» деген атты жамылып интимдік қызмет көрсетілген. Олардың арасында кәмелет жасқа толмаған қыздар мен 30 мың теңгеге интимдік қызмет көрсеткен ер адамдар бар.
Рейд барысында ұсталған интимдік және боди массаж қызметін көрсеткен 69 қыз бен 10 жігіт, притондар мен СПА-салондардың 11 әкімшісі полицияға жеткізілді. Оларға айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Сондай-ақ пәтері мен коттеджін жалға бергендерге де айыппұл салынды.