Елордаға анықтамасыз ұшып келген ресейлік азамат депортацияланды

Автор: Azattyq Rýhy

Өткен түні Қазақстанға халықаралық рейстермен 871 жолаушы келген

Көрнекі фото: ашық дереккөзден

21 қазанға қараған түні Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау қалаларына шет елдерден 11 халықаралық рейспен 871 жолаушы ұшып келген. Қала әуежайларына қонған 679 жолаушыда тиісті анықтама болса, 192 жолаушыда ол болмаған.

  • Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына 6 рейспен 513 жолаушы келген (355 жолаушыда анықтама болса, 158-інде жоқ).
  • Алматы қаласының әуежайына 4 рейспен 276 жолаушы келген (242 жолаушыда анықтама болса, 34-інде жоқ).
  • Ақтау қаласының әуежайына 1 рейспен 82 жолаушы келген және олардың барлығында тиісті анықтама болған.

Қазақстанға қажетті анықтамасыз келген жолаушылардың бәрі ПТР-тест тапсыру үшін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы карантиндік стационарларға жеткізілген. Сондай-ақ елордаға ұшып келген ресейлік азамат депортацияланды.