Мұратхан Тоқмәди Алматыдағы колониядан ауыстырылды
Ол Ержан Тәтішевтің өліміне кінәлі деп танылып, 2018 жылы он жарым жылға бас бостандығынан айырылған
Сотталған қазақстандық кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдидің жазасын қайда өтеп жатқаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. Ақпаратты ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ресми сауалхатқа берген жауабында келтірген.
Ведомство мәліметінше, Тоқмәди адам өлтірген қылмысы үшін аралас қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Бұл колония Қарағанды облысында орналасқан. Бизнесмен осы мекемеде Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес жазасын өтеп жатқаны айтылады.
«Сотталғанның жеке ісіндегі өзге мәліметтер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жария етуге жатпайды», - делінген ҚАЖК төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаевтың қолы қойылған жауапта.
Айта кетейік, Tengrinews.kz редакциясы сауалында сотталған Тоқмәдидің қамауда бос уақытта немен айналысатыны және жұмыс түрі туралы сұрақтар болды.
Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес қамаудағылардың жазасын өтеуге арналған мекемелер жетіге бөлінеді:
қауіпсіздігі барынша төмен мекемелер;
- орташа қауіпсіздік мекемелері;
- кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелер;
- ең жоғары қауіпсіздік мекемелері;
- төтенше қауіпсіздік мекемелері;
- толық қауіпсіздік мекемелері;
- аралас қауіпсіздік мекемелері.
Аралас қауіпсіздік мекемелеріне әртүрлі режимдегі сотталғандарға арналған колониялар жатады. Мұндай мекемелерге қамауға алуға, бас бостандығынан айыруға сотталғандарға не шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау үшін қалдырылған не жіберілген не мекемелерден келген бас бостандығынан айыруға сотталғандарға арналған тергеу изоляторлары жатады.
Бұған дейін ҚАЖК-дағылар Тоқмәди Алматыдағы аралас қауіпсіздік мекемесінде жаза өтейтінін хабарлаған болатын. Қалған ақпарат құпия болған.
Еске сала кетейік, кәсіпкер Мұратхан Тоқмәди 2017 жылдың маусымында қамауға алынған. Сол жылдың қазан айында ол орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуге үш жылға бас бостандығынан айырылды. Сот Тоқмәдиді бопсалау және қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру қылмыстары бойынша кінәлі деп тапты. Ол сот төрелігімен келісім жасады.
Кейін КТК телеарнасына берген сұхбатында Тоқмәди Тәтішевтің өліміне кінәлі екенін мойындады. Ол "Тұран Әлем Банкінің" бұрынғы басшысын (кейіннен БТА Банкі) өлтіруге Мұхтар Әблязов тапсырыс бергенін мәлімдеді. 2018 жылы наурызда Тоқмәди он жарым жылға бас бостандығынан айырылды.
Банкир Ержан Тәтішев 2004 жылғы 19 желтоқсанда Отар станциясы ауданында аң аулап жүргенде қаза тапты. Toyota Land Cruiser көлігін тізгіндеген ол жыртқыш аңдарды аулаған. Оларды қуып жетіп, 12 калибрлі мылтықты жақын жерде отырған Мұратхан Тоқмәдиге берген. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, бұл кезде жол талғамайтын көлік кенеттен ой-шұқырлы жолға түсіп, мылтық өздігінен атылған делінген. Оқ банкирдің басына тиген. Тәтішевтің шүйдесіне кірген оқ сол көзінен бір-ақ шыққан. Содан кейін ол "қайғылы оқиға" деп аталған еді.