Қайғылы жағдай Шу ауданының Тасөткел ауылы маңында болған
Жамбыл облысында арнайы операция кезінде Шу аудандық желілік полиция бөлімшесінің қызметкеріне оқ тиіп, ол ажал құшқан, деп хабарлады «КТК» арнасы.
Ақпарат көздерінде таратылған мәліметтерге сүйенсек, қайғылы жағдай Шу ауданы Тасөткел ауылы маңында болған.
Өзіндік қауіпсіздік басқармасына «желілік полиция қызметкерлері есірткі тасымалымен айналысады» деген ақпарат түсіпті. Сөйтіп олар күдіктілерді аңдып, алдынан күтіп алған. Алайда жол талғамайтын көлікке мінген полицейлер тоқтамақ түгілі, арнайы жасақ өкілін қаққан бойда қаша жөнеледі.
«Соңынан қуғандар амалсыз табельдік қару қолдануға мәжбүр болған. Содан көлік ішіндегі екеуге оқ тиіп, біреуі қаза тапты. Соңғысы қазір ауруханада жатыр. Арнайы жасақ өкілінің де екі аяғы сынған», - делінген ақпаратта.
Ал Toyota Land Cruiser-ден кептіріліп қапқа салынған 55 келі марихуана табылды.