Ыдыс-аяқ жумағаны үшін әкесінен сөз естіген атыраулық оқушының жайы белгілі болды

Автор: Azattyq Rýhy

Ұрып соғу фактісі анықталмаған

Көрнекі фото

Атырауда ыдыс-аяқ жумағаны үшін әкесінің ұрысқанын әлеуметтік желіге таратқан жасөспірімнің мән-жайы анықталды . Бұл туралы Білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды. 

Ыдыс-аяқты жумағаны үшін әкесінің дауыс көтерген видеожазбасын әлеуметтік желіге таратқан жасөспірімнің  Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясының 11-сынып оқушысы екені мәлім болды. 

«Шағымданған жасөспірім мектепте белсенді, сабағы жақсы, түрлі мектепішілік шараларға белсене қатысады. Көпбалалы отбасынан шыққан, үйдің тұңғышы. Әкесі - арнайы техника жүргізушісі. Әлеуметтік желіге ақпарат шыққаннан кейін, 18 қазан күні кешкі сағат 22:00-ден бастап жасөспірімді психологиялық-педагогикалық қолдау және кеңес беру жұмыстары жасалды. Ата-анасына да түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - дейді академия директоры Долорес Таскарина. 

Айта кетелік, оқиға 18 қазан күні болған. Әкесімен арада болған түсініспеушілікті әлеуметтік желіге жасөспірімнің өзі салған. Бұған дейін ата-анасымен арада кикілжіңдер болмаған. Ұрып-соғу фактісі анықталмаған. 

Отбасында оқиғаны талқылап, түсініскеннен кейін жасөспірім сыныптастарының чатына өзінің әлеуметтік желіге салған бейнежазбасына өкінгенін және таратпауын өтініп, кешірім сұраған.

Бүгін полиция өкілі, психологтар, мектеп мұғалімдерінің қатысуымен ата-анасымен кездесу ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жасөспірім қалыпты жағдайда.

Қазіргі уақытта құзырлы органдар тарапынан тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.