$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.10.2020, 17:46
Оқиғалар

ШҚО-да қыз зорлаған сотталушының әкесі арызданушылардан кек алмақ болды

Ол «11 жасар қыз бала мен оның анасы ұлыма өтірік жала жапты» деген оймен оларды өлтірмек болған

ШҚО-да қыз зорлаған сотталушының әкесі арызданушылардан кек алмақ болды
Фото: ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Суықбұлақ ауылында кәмелет жасына толмаған қыз баланы зорлау қылмысына қатысты өткен сот соңы кек алуға ұласты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  «Устинка.кз» сайтына сілтеме жасай отырып.   

Ұлына жазықсыз жала жапты деп сенген сотталушының әкесі кәмелет жасқа толмаған зардап шегушінің анасына пышақпен шабуыл жасаған. 

ШҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта ұлының 12 жылға сотталғаны туралы үкімді естіген 62 жастағы әке сол күні шамадан тыс көп ішімдік ішкен. Үкіммен келіспей, ұлы жазықсыз сотталып кетті деген оймен қатты ашу-ызаға булыққан ер адам арызданушылардан кек алмақ болады. Ол 11 жасар қыз бала мен оның анасы әдейі өзара келісіп, ұлыма өтірік жала жапты деген оймен қолына пышақ алып, олардың үйіне арнайы барады.   

«Ер адам әйелдің үйіне жақындай бергеннен-ақ ауыр балағат сөздер айтып, айқайлап, әйелге оны да, қызын да өлтіретінін айтып, пышақ сермей бастайды. Зардап шегуші қорғану үшін оның киімінен ұстай алғанда, ол пышақты оңды-солды сермеп, әйелдің басын және денесін жарақаттаған. Арпалыс кезінде әйелді итеріп қалғанда, екеуі бірге жерге құлаған. Сол жерде әйелді жұдырықтай бастаған», - деп түсіндірді оқиғаның мән-жайы туралы аудандық сот өкілі.

Әйелдің көмек сұрап, жанұшырған дауысынан жүгіріп шыққан көршілері оны соққыдан арашалап қалған. Артынша әйелге шабуылдаған ер адамды үйіне апарып тастаған. Зардап шегуші қатты қорыққан қызының есікті іштен іліп, жасырынып қалғанын, егер сыртта болғанда оны ер адамның өлтіріп тастауы бек мүмкін екенін айтқан. Басы мен екі қолынан пышақ жарақатын алған әйел дәрігерлер көмегіне жүгінген.    

Әйелді және оның қызын өлтірмек болған ер адамға қатысты аудандық сот ауыр жаза тағайындамауды жөн көріп, оған 25 АЕК, яғни 69 500 теңге көлемінде айыппұл салған. Сондай-ақ, Зардап шеккендерге өтемақы қорына мәжбүрлі түрде 14 мың теңге төлеуді міндеттеген. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары