ҰҚК Алматыда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған қылмыстық топты ұстады
Олар тәулігіне 20 млн теңгеден астам пайда тауып отырған

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті шаһарда жасырын жұмыс істеген электрондық казиноналар арқылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырумен айналысқан қылмыстық топ әрекетінің жолын кесті.
Жедел-іздестіру шаралары барысында қала аумағында 10 мекемеден тұратын жасырын онлайн-казино жүйесінің жұмыс істейтіні анықталды.
«2020 жылғы 6 қазанда көрсетілген заңсыз әрекеттердің жолын кесу нәтижесінде жедел-тергеу тобы бір ғана жасырын мекемеден 50 бірліктен астам ойын жабдығын тапты, қылмыстық әрекеттен түскен кіріс көлемі тәулігіне 20 млн теңгеден асқан. Құмар ойындарын ұйымдастыру және өткізу үшін қылмыстық топ заңсыз әрекетке шамамен 50 адамды қызмет көрсету персоналы ретінде тартқан», - делінген хабарламада.
ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті осы факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады.