16 жастағы екі жасөспірім пышақ жарақатын алып, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне қайтарылған
10 қарашада шамамен сағат 20:00-де Ақтөбе қаласының Заречный елді мекенінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында төбелес болып, пышақ қолданған. Төбелес нәтижесінде қала мектептерінің бірінде оқитын 15 жастағы оқушысы қаза тапты.
16 жастағы екі жасөспірім пышақ жарақатын алып, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне қайтарылған.
«Тергеу барысында анықталғандай, төбелестің болуына жәбірленушінің таныс қызымен арасында болған жанжал әсер еткен. Қазір төбелеске қатысқандардың бәрі анықталып, біреуі қамауға алынып, үшеуі үйлеріне қайтарылды. Бұл қылмыс ата-аналар тарапынан бақылаудың жоқтығынан туындап отыр», - дейді Ақтөбе облысы Полиция департаментінің басшысы Атығай Арыстанов.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде оқушылар төбелесіп, бір бала көз жұмды
Полиция департаменті кәмелетке толмаған жасөспірімдердің денсаулыққа зиян келтіретін тұрмыстық пышақтар, таяқтар, қолдан жасалған төбелес құралдары және т.б. заттарды өзімен бірге алып жүруі азаймай тұрғанын айтты.
«Жыл басынан бері облыс полицейлері азаматтардан 923 пышақ тәркілеген. Оның 15-і кәмелетке толмаған жасөспірімдерден тартып алынған», - дейді А.Арыстанов.
Полиция департаменті жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейін азайту мақсатында жыл басынан бері «Жасөспірім», «Демалыс», «Түнгі қаладағы балалар», «Студент» сияқты 30-дан астам іс-шаралар өткізген.