Ақтауда 100 адамға той жасаған мейрамхана иесі жазаланды

Автор: Azattyq Rýhy

Карантин тәртібін бұзып, той жасаған кәсіпкерлерге 230 АЕК көлемінде айыппұл салынады 

Жексенбі күні маңғыстаулық полицейлер мен қоғамдық коммуникация орталығының түсірІлім тобы Ақтаудағы мейрамханаларға рейд жүргізді. Шара барысында 100-ге жуық адамға той жасаған тағы бір мейрамхана анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Ақтау қалалық полиция бөлімінің инспекторлары карантин режиміне қарамастан той өткізген мейрамхана әкімшілігіне хаттама толтырып, айыппұл салу үшін Маңғыстау облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды. Карантин тәртібін бұзып, той жасаған кәсіпкерлерге 230АЕК көлемінде айыппұл салынады. 

Мониторингтік топ  өкілдері күн сайын күшейтілген режимдегі рейд жұмыстарын жалғастырады. 

Естеріңізге сала кетейік, 13 қазан күні 00:00 сағаттан бастап Маңғыстау облысында карантин талаптары күшейтіледі. Облыстың бас санитар дәрігерінің 28 тамыз күні шыққан қаулысына өзгерістер енгізілді. 

Жаңа талаптар бойынша тамақтану орындары, дәмханалар мен ірі супермаркеттер жұмысы 21:00-ге дейін қысқарады. Яғни, қоғамдық көліктер сенбі, жексенбі күндері жұмысын тоқтатады. Фитнес орталықтары мен жаттығу залдарының жұмысы тоқтатылады. Азық-түліктен басқа барлық базардың жұмыс уақыты 16.00-ге дейін қысқарады. Той мен ұжымдық шараларға рейд күшейтіледі.