Өскеменде қоқыс жәшігінен әйелдің мәйіті табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдіктілер ұсталып, тергеу амалдары басталды

Фото: ашық дереккөзден

Өскеменде қоқыс жәшігінен әйелдің мәйіті табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

7 қазанда "102" нөміріне қоқыс жәшігінен әйелдің денесі табылғаны жөнінде хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына келген полицейлер ізін суытпай екі күдіктіні анықтап, ұстады.

Тәртіп сақшылары анықтағандай, екі ер адам марқұм әйелмен бірге ішімдік ішкен. Бұл отырыстың соңы жанжалмен аяқталған. Масайған ер адамның бірі әйелді тұншықтыруға тырысып, жәбірленушіні есінен тандырған. Күдіктілер әйелді өлтірдік деп қорқып, денесінен арылу үшін үйдің төртінші қабатынан лақтырып тастаған. Содан кейін олар денені қоқыс жәшіктерінің біріне жасырған.

«35 және 30 жастағы ер адамдар уақытша ұстау изоляторына орналастырылды. Бұл факт бойынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптама көрсеткендей, әйел көптеген жарақаттар салдарынан мерт болған», – делінген хабарламада.