Павлодар облысында жыл басынан бері жол апатынан 39 адам қаза тапқан

Өткен жылы өңірде 490 жол-көлік оқиғасы болған

Павлодар облысында жыл басынан бері жол апатынан 39 адам қаза тапқан

Өңірде жыл басынан бері 460 жол-көлік оқиғасы тіркелген, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

«Бүгінде облыста жол-көлік оқиғаларының 6,3 пайызға азайғаны байқалады. Жыл басынан бері 460 оқиға тіркеліп, 39 адам қаза тауып, 708 адам жарақат алды. Өткен жылы 490 жол-көлік оқиғасы болған», - деді баспасөз қызметінде.

Облыс орталығында балабақшалар мен мектептердің жанында, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін басқа да жаяу жүргіншілер өткелдерінде стробоскоптар жұмыс істейді.

«Қала бойынша жаяу жүргіншілер өткелінде барлығы 75 стробоскоп орнатылған. Стробоскоптардың жарқын шамдары алыстан көрінеді, әсіресе қараңғы уақытта олар жүргізушілердің назарын жолға аударады. Осылайша жақын жерде жаяу жүргіншілер өткелі бар екенін ескертеді. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері - жаяу жүргіншілердің төмен тәртібі, сондай-ақ жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге жол бермеуі. Бұл стробоскоптар жол-көлік оқиғалары мен жолдардағы қауіпсіздік шараларының алдын алу құралдарының бірі», - дейді Полиция департаментінің басшысы Нұрлан Мәсімов.

Айта кетейік, Полиция департаменті жол қозғалысы қауіпсіздігі мақсатында басқа елдердің тәжірибесін ескере отырып, көшелер мен жолдарда заманауи техникалық құралдарды орнату бойынша ұсыныстар енгізді.

Олардың арасында: лазерлік жаяу жүргіншілер өткелдері және жаяу жүргіншілер өткелдерінде қосымша жарық көздерін орнату, көлік құралдарының жаяу жүргіншілер өткелдеріне және апаттық қауіпті учаскелерге кіреберістеріндегі шулы жолақтар, сфералық айналар, жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату бар.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.