Алматыда қайыр тілеп жүрген көпбалалы ана садақа бермеген жүргіншіге шабуылдаған

Автор: Azattyq Rýhy

Әйел жәбірленушінің көлігін шағып, оның анасының басын жарған

Алматыда қайыр сұраумен айналысатын әйел садақа бермеген жүргізушіге шабуыл жасаған. Көлігінің терезесін сындырып, қолын тістеп алыпты. Бұзақы келіншекті полиция ұстап, жеке басын анықтады. Көп балалы ананың еш жерде жұмыс істемейтіні белгілі болды. Енді ол жасаған әркеті үшін қомақты айыппұл төлеуі мүмкін, деп хабарлайды Аstanatv

Әлеуметтік желіге тарап кеткен кадрлар осыдан үш күн бұрын Алтын Орда базарының жанында түсірілген. Кешкі сағат 5-тер шамасында кептелісте тұрған жәбірленушінің көлігіне қасына бес бала ерткен қайыршы әйел шабуыл жасапты.

«Жолдың дәл ортасында балаларын ертіп, қайыр сұрап жүрген әйелге сигнал бастық. Кейін ол біздің жанымызға келіп, бізден де ақша сұрады. Сигнал басқанымыз үшін дауыс көтерді. Садақа бере алмаймыз дегенімізде көліктің артқы терезесін сындырды. Өзі өте озбыр, дөрекі екен. Жанымда отырған анама таяқпен шабуыл жасап, басын жаралады. Менің қолымды тістеп алды», -  дейді алматылық тұрғын.

Жалпы, қала бойынша аталған бұзақы әйелден жәбір көргендердің саны жетерлік. Көбі ғаламтор арқылы шағымын жазып, видеосын салған. Соның бірі алматылық бойжеткен – Римма Әбітова.

«Өткен жылы тамыз айында Алматы – Бішкек тасжолымен Алтын Орда маңында кетіп бара жатқан кезде бірінші рет жаңағы әйелді 4-5 баласымен көрдім. Үлкен қызын ағашпен қатты ұрып жатты. Мен оған ескерту жасадым, «Тәте, балаңыз ғой, ұрмасаңызшы», - деп. Сонда маған неше түрлі балағат сөз айтып, көлігімді ұрып, айғайға абсқан еді», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Римма Әбітова.

Қазір полицейлер бұзақы әйелді қолға түсірген. Оның жеке басын анықтап, қасына ертіп жүргені өзінің 5 баласы екенін растады. Еш жерде жұмыс істемейтін 37 жастағы әйелге қатысты 6 әкімшілік іс қозғапты. Жергілікті  жұрт шаһарда қайыр сұрайтындардың көбейгеніне алаңдаулы. Бірі аяққа оралса, енді бірі көлік қозғалысына қиындық тудырады дейді.

Жергілікті полицейлер мұндай азаматтармен күресуді бастап, рейдтік шаралар ұйымдастырыпты.  

«Аталған фактіге байланысты Алтын Орда базары маңында арнайы рейдтік шаралар жүргізілген. 12 тұлға ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қайыр сұрап жүрген 37 жастағы әйел азамат анықталды. Қазіргі таңда тиісті сараптамалар тағайындалды. Соның нәтижиелері бойынша әкімшілік материал сотка жіберілетін болады», - дейді Алматы облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқзы.

Көпбалалы ананы бүгін базар маңынан көп іздедік. Бірақ таба алмадық. Ол енді Әкімшілік кодекстің «Денені жарақаттау», «Бұзақылық», «Қоқыс тастау» және «Қоғамдық орында тиісу» сынды баптарына сай қомақты айыппұл арқалауы мүмкін.  

Жыл басталғалы Алтын Орда базарының маңынан 2 400-ге жуық қайыршы ұсталған. Арасында Қазақстан азаматтығы жоқ тұлғалар мен екі қайтара айыппұл арқалағандары да бар көрінеді.