Петропавлда көшеде спирт сатқандар ұсталды

Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Петропавлда көшеде спирт сатқандар ұсталды

Петропавлда базар маңында заңсыз спирт сатқан саудагер ұсталды. «Бизнесменнің» әрекеті көшедегі бақылау камераларының біріне түсіп қалған. Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көшедегі бейнебақылау камералары арқылы мониторинг жүргізу барысында Петропавл қалалық ПБ Екінші полиция бөлімінің № 6 учаскелік полиция пунктінің қызметкерлері бес литрлік бөтелкелердегі сұйықтықты сату фактісін байқап қалған. Сауда Астана көшесіндегі базарда жасалған. Аталған ақпарат жақын маңда учаскені тексеріп жүрген учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Дәурен Қамзеновке жеткізілген.

«Базар жұмысшыларының бірі аудан тұрғынына бес литрлік бөтелкелермен 80 литр спирт сатқан. Оның бір бөтелкесін 2500 теңгеге саудалағаны анықталды. Сатушы – бұған дейін істі болмаған 30 жастағы қала тұрғыны. Ол аталған алкогольдік өнімді бірер күн бұрын белгісіз адамнан алғанын айтты. Ақша табу мақсатында алкогольді сатып жібермекші болған,  алайда полицейлердің назарына ілігіп қалды», - дейді ол.

Полиция депатраменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған факт бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 282-бабы «Қазақстан Республикасының этил спирті мен алкоголь өнімін өндіруді және оның айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасын бұзу» және 463-бабымен «Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi жүзеге асыру» бойынша материалдар жиналып, тәркіленген алкогольдік өнім санитарлық-гигиеналық сараптамаға жіберілген. Алдағы уақытта материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін мамандандырылған әкімшілік сотына жолданады.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.