Жол-көлік оқиғасы Есіл ауданында тіркелді
Соңғы айда Солтүстік Қазақстан жолдарында жылқының қатысы бар 3 көлік апаты тіркелді. Оның бірінде ауыр жарақат алған әйел көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жол-көлік оқиғасы Есіл ауданында тіркелген. Қараусыз жүрген жылқыларды жеңіл автокөлік соғып кеткен. Жүргізуші мен жолаушы жарақат алған. Ауыр соққы салдарынан араға бірнеше күн салып, жолаушы әйел көз жұмды.
Осыған ұқсас көлік апаты Аққайың ауданында да болып, екі адам жарақат алған.
«Барлық аймақтық бөлімшелерге жануарлардың қатысуымен болатын жол-көлік апаттарының алдын-алуға бағытталған шараларды жүзеге асыруға нұсқау берілді. Тәртіп сақшылары әсіресе түнгі уақытта жұмыс қарқынын күшейтеді. Республикалық және жергілікті маңызға ие автожолдарда мал жүрсе, жергілікті атқарушы органдарға ақпарат жібереміз», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Айыртау ауданында жүк көлігі 12 жылқыны соғып кеткен. Жануарлардың барлығы өліп қалған. Жүргізуші жеңіл жарақат алған. Бақташы жылқылардың табыннан қалай бөлініп, жолға шығып кеткендігін аңдамай қалғандығын жеткізді.
Полиция департаменті хабарлағанындай, жол апатының туындауына себепші болған малдың иесі жауапкершілікке тартылады. Жапа шегуші сотқа жүгініп, материалдық және моральдық шығынның өтелуін талап ете алады. Тәтріп сақшылары малды жолдың екінші бетіне арнайы белгіленген орындар арқылы ғана өткізуге болатындығын ескертті. Мұндай жол белгілері тұрған жерде жүргізушілер де жылдамдықты төмендетуге міндетті.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай көбіне қараусыз жүрген мал – жол апатының туындауына себепші болады. Оқиғалардың барлығы түнде тіркелген.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО