$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.09.2020, 16:18
Оқиғалар

Алматыда Экономикалық тергеу департаменті ғимаратының терезесінен күдікті секіріп қайтыс болды

Ол аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталған

Алматыда Экономикалық тергеу департаменті ғимаратының терезесінен күдікті секіріп қайтыс болды

Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті ғимаратының бесінші қабатынан тергеудегі ер адам секіріп қайтыс болды, деп хабарлады Қаржылық мониторинг комитетінің баспасөз қызметі.

Оқиға 22 қыркүйекте болған. 44 жастағы Ерлан Қоныспаев аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін айыпталып, тергеліп жатқан.

«Бірден жедел-жәрдем бригадасы шақырылды. Олар айыпталушының қайтыс болғанын тіркеді. Қазір аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сонымен қатар, Қаржылық мониторинг комитеті ішкі қызметтік тергеу жұмыстарын жүргізуде», - делінген аталған хабарламада.

Қылмыстық істегі мәліметтерге сәйкес, Қоныспаев 2016 жылы ҚР БҒМ Ғылым комитетінен 230 млн теңге көлемінде мақсатты грант алған. Кейін үлестес компаниялардың шотына 88 млн теңге аударып, кейін оны қолма-қол ақшаға айналдырған. Алайда, келісімде көрсетілген жұмыстарды орындамаған.

«22 қыркүйекте күдіктіні тергеу жұмыстары басталды. Жауап алу процесіне оның адвокаты да қатысты. Қоныспаевтың әрекеттері ҚР ҚК 190-бабының 4-тармағына сәйкес «Аса ірі көлемдегі алаяқтық» фактісі бойынша тіркелді. Күдікті бұған дейін де 2012 жылы ауыр қылмыс жасағаны үшін істі болған. Осыны ескерген құқық қорғау қызметкерлері оны ҚПК-тің 128-бабына сәйкес Уақытша ұстау изоляторына жаппақ болған. Хаттамаларды толтыру және жеке басын тінту жұмыстарынан кейін Коныспаев бірден терезеден секіріп кеткен» -  деді комиеттің баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары