10 жылдан бері іздеуде жүрген азамат медициналық пункттен ноутбук ұрлаған
18 қыркүйекте Алматы облысы Жамбыл ауданының полициясына медициналық пункт меңгерушісі ноутбугы қолды болғаны туралы арызданған. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді.
«Учаскелік инспекторлар бір тәулік ішінде күдікті ретінде Өзбекстан республикасы Қарақалпақстан автономиясында тұратын 44 жастағы шетелдік азаматты ұстады. Күдікті ұрланған мүлікті сатып үлгерген. Алайда, ноутбук сатып алушыдан иесіне қайтарылды. Ұсталған азаматтың жеке басын тексеру барысында, оның 2010 жылдан бері халықаралық іздеуде (алаяқтық үшін – ред.) жүргені белгілі болды», – дейді Жамбыл аудандық ПБ бастығының орынбасары Данияр Қыйқабаев.
Күдікті қамаққа алынды. Тәртіп сақшылары ұсталған азаматтың басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.