Облыстық басқарма тек бір ғана ауылдан құс тұмауының ошағы расталғанын айтты
Ақмола облысының бірқатар аудандарында 300-ден астам үй құсының өлгені анықталды. Өңірдің бас ветеринар дәрігері әзірге тек Жарқайың ауданының Шойынкөл ауылынан ғана нақты құс тұмауының ошағы расталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Облыс ветеринарларының есебі бойынша, дәл қазір Ақмола облысында 301 үй құсының өлімі тіркелген. Соңғы дерек: Жарқайың ауданында – 142, Атбасар ауданында – 17, Астрахан ауданында – 38, Бұланды ауданында – 9, Егіндікөл ауданында – 80, Зеренді ауданында 50 бас үй құсы өлген.
«Әзірге олардың нақты қандай аурумен ауырғаны белгісіз. Қазіргі уақытта аталған аудандарда ветеринар дәрігерлер оларды тексеру жұмыстарын жүргізуде. Ауыл шаруашылығы министрлігіне 510,3 мың доза мөлшерінде екпе алуға өтінім берілген. Сәрсенбі күні (23 қыркүйек – авт.) екпе жеткізіледі. Сосын бірден үй құстарын вакцинациялау жүргізіледі. Облыс тұрғындарына үй құстарын жабайы жыл құстарына жолатпау, үйде қамап ұстау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қандай да бір ауру белгілері анықталса, аумақтық ветеринарлық инспекция мамандарына хабарласуы қажет. Бұл төнген қауіптің алдын алып, уақытында тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Аталған өңірдегі ветеринар мамандар дереу тексеріс жүргізіп, алынған сынама материалдарды зертханалық талдаудан өткізіп, жағдайды толықтай бақылауға алатын болады. Үй құстарын ұстайтын адамдар сақтық амалдарын жасауы тиіс», - дейді Ақмола облысы ветеринарлық басқарма басшысы Базарбай Бұлашев.
Басқарма басшысы үй құстарын жабайы құстарға жолатпау аса маңызды екенін ескертті. Өйткені, құс тұмауы негізінен жыл құстарынан жұғады.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы