Түркістандық полицейлер іздеуде жүрген 16 қылмыскерді ұстады
Олардың 8-і халықаралық іздеуде болған
Түркістан облысының полицейлері іздестірудегі 16 қылмыскерді ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері «Іздестіру» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында іздестіріліп жатқан 16 қылмыскерді ұстады, олардың сегізі халықаралық іздеуде болды және бұрын хабар-ошарсыз кеткен сегіз адамның мекен-жайын анықтады.
«Мәселен, «Іздестіру» жедел-профилактикалық шарасы барысында Төлеби АПБ криминалдық полиция қызметкерлері аудан аумағында 2016 жылдан бері есірткі заттарын тасымалдағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген Тәжікстан Республикасының азаматын ұстады. Қылмыскер полиция бөліміне жеткізіліп, қамауға алынды. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары істің толық мән-жайын анықтауда. Тағы бір іздестіріліп жатқан қылмыскерді Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің полицейлері ұстады. Ол Өзбекстан Республикасының Ішкі істер органдары 2010 жылдан бері контрабанда үшін іздестіріп келген Қазақстан азаматы», - делінген хабарламада.