Жәбірленуші 9 млн теңгесін ала алмай жүр
16 қыркүйек күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасына 27 жастағы қала тұрғынынан арыз түсті. Азамат арызында бизнеспен айналыспақ болып, 2019 жылдың тамыз айында қомақты қаражат табуға көмектесемін деп уәде берген бір фирманың басшына жолыққанын айтқан. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
«Байлыққа бірден кенелемін» дегенге сенген жәбірленуші ол фирмаға үстеме ақы табу мақсатында 9 миллион теңге қаржы салған. Алайда, арада жыл өткенде не үстеме ақы, не өзінің салған 9 миллион теңгесін ала алмаған жәбірленуші қаржы пирамидасының арбауына түскенін біліп, полицияға арызданған.
27 жастағы жәбірленуші жалған фирманың басшысы 51, 58 жастағы азаматшалар мен 24 жастағы азамат екенін айтқан. Полиция қызметкерлерімен жүргізілген тиісті шаралар барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 58 жастағы күдікті азаматша ұсталып, мойындау-көрсетпе белгілерін берді. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Қазір полиция қызметкерлері басқа күдіктілерді іздестіріп жатыр.
Еске сала кетейік, 24 тамызда Қарағанды облысында кіру жарнасы 180 мың теңге болған қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар ұсталған болатын.