Алматы облысында із-түзсіз жоғалған 16 жастағы қыз танысының үйінен табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Оның қыркүйектен бері сабаққа бармағанын ешкім хабарламаған

Фото: ашық дереккөзден

Алматы облысы Іле ауданы Боралдай кентінің 38 жастағы тұрғыны полицияға дүкенге кеткен 16 жастағы қызының оралмағанын айтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер қыздың өгей әкесімен және анасымен бірге тұрғанын анықтады. Сонымен қатар қыздың бұрын да үйден кетіп қалғаны белгілі болды. Ата-анасы жасөспірімнің тәрбиесіне немқұрайлы қараған. Ұйымдасқан іздеу шараларына криминалдық, ювеналдық полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен еріктілер қатысты», - деп жазылған хабарламада.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде жоғалған жасөспірім 15 қыркүйекте Тілендиев кентінің аумағында танысының үйінен табылды. Алматы облысы Білім басқармасының мәліметінше, оқушы қыз Боралдайдағы №17 мектептің 9 сыныбында оқыған. Алайда оқушының қыркүйектен бері сабаққа бармағанын мектеп басшылары дер кезінде хабарламаған.

«Іс ата-ана құқығынан айыру және кәмелетке толмағанды арнайы оқу орнына жіберу туралы мәселелерді шешу үшін Қаскелең қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді», - деді ПД баспасөз қызметіндегілер.