$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.09.2020, 18:44
Оқиғалар

СҚО-да халыққа жұмыс ұсынып, қарызға батырған алаяқ ұсталды

Жапа шеккендердің нақты саны әлі белгісіз

СҚО-да халыққа жұмыс ұсынып, қарызға батырған алаяқ ұсталды

Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс берушінің атын жамылып, азаматтардың жеке деректерін анықтап, онлайн несие рәсімдеген күдікті ұсталды. Жапа шегушілердің нақты саны әзірге белгісіз. Ал күдікті қамауға алынып, оған қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Күдіктінің сөзіне қарағанда, ол түрлі интернет-ресурстарда танымал сайттарға жұмысқа қабылдау туралы жарнамалар орналастырған. Ол қоңырау шалушыларға жеке деректерін, оның ішінде карта нөмірін жіберуді талап еткен. Алынған мәліметтерді келісімшартқа жазу қажеттігін айтып сендірген. Алынған ақпараттың көмегімен ол несие алу үшін түрлі шағын несиелік ұйымдар қызметіне жүгінген. Несие қаражаты  карточка иелеріне аударылған кезде, өзінің «болашақ қызметкерлерін» алдау үшін әртүрлі оқиғалар ойлап тауып, ақшаны өз шотына аудартып отырған. Мысалы, алаяқ өзінің жұмыстан шығарылған қызметкеріне есепшоты болмағандықтан ақша аудара алмайтынын айтқан. Осылайша, ол карточка иелерінен есепшоттағы ақшаны киви-әмиянға аударуды сұраған. Аударылған қаражат көлемі 160-220 мың теңге аралығында болған.

«Онлайн-несиеге қатысты осындай фактілер бұрын да тіркелген. Біз түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, бірақ адамдар өздерінің дербес мәліметтерін ұсына отырып, алаяқтардың қармағына түсе береді. Олар төлемдер бойынша берешектің болуы туралы хабарлама ала бастаған кезде ғана несиенің ресімделгені туралы біледі. Осындай алаяқтық әрекеттердің құрбаны болмас үшін телефон, интернет-ресурстар арқылы кез келген мәліметтерді ұсынбаған абзал. Мұндай алаяқтық операциялардың негізгі құралы, фактілер көрсеткендей, сіздің картаңыздан үшінші тұлғаның шотына ақша аудару болып табылады. Мұндайға қалайда жол берілмеуі тиіс», - дейді Петропавл қаласының ПБ бастығы полиция полковнигі Жандос Мұхатов.

30 жастағы күдікті бұрын сотталған. 

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#СҚО #алаяқтық