Алматыда блок-бекетте қайтыс болған полицейдің әйелі ұлды болды
Жантүршігерлік апатқа қатысты сот отырысы Қаскелеңде өтіп жатыр
Алматыда блок-бекетте қайтыс болған полицей Жарас Жанғазиевтың әйелі ұлды болды. Бұл туралы марқұмның жары сот отырысында мәлімдеді.
«Екі қыздан кейін ұлды болдым. Ұлым қырқынан шықты. Ұлымды жолдасым ұзақ күтсе де көре алмай кетті. Қазір бізге қиын, өміріміз күні-түні жылаумен өтіп жатыр. Әзірге ештеңе айта алмаймын. Бөпеме Марлен деген ат бердік»,- деді сотта көз жасына ерік берген Айда Жетпісбаева.
Карантин кезінде Алматы маңында болған жантүршігерлік оқиғаға қатысты сот талқылауы Қаскелең қаласында өтіп жатыр. Іс ҚР ҚК 345-баптың 1-тармағына сәйкес қаралып жатыр. Айыпталушы Азат Азаматов аға лейтенат атағын жұмыстан шығардың алдында ғана алған. Экс-полицейдің 6 жыл ішінде өз қызметін дұрыс атқармағаны үшін 4 рет ескерту алғаны белгілі болды. Ал апат болған сәтте, Азаматов көлігіне жалған мемлекеттік нөмір тағып алған.
«20 мамырда жұмыстан кету туралы арыз жаздым. 21-і күні жұмыстан шығару туралы бұйрыққа қол қойылды. 2014 жылдан бастап Алматы қалалық ПД жұмыс істедім. Апат болған күні бұрынғы әріптестерім шақырды. Үш-төрт бөтелке сыра іштім. Жұмыста бұрын бір рет ескерту алғанмын. Апат болған сәт есімде жоқ. Есімді ауруханада жидым. Көлікке таққан жалған нөмір бұрынғы иесінен қалған. Оны өткіземін деп жүргенмін, ұмытып кетіппін. Кінәмді толық мойындаймын. Марқұм Жанғазиевті бұрыннан танимын, арақатынасымыз жақсы болған»,- деді сотталушы Азат Азаматов.
Апаттан ауыр жарақат алған үшінші полицей Еркебұлан Сейдазым денсаулығына байланысты сотқа келмеді. Тергеу кезінде Сейдазымның басына көліктің соққысынан бөлшектеніп кеткен бетон сынығы тигені белгілі болды. Ал марқұм Дастан Әбдіқановтың жары Динара Аман полицейлердің өліміне кінәлі Азаматовтың қайғылы жағдай болған күні полицей формасымен жүргенін мәлімдегенімен, айыпталушы оны мойындамады.
Естеріңізге салсақ, 25 мамырда таңғы уақытта Көксай елдімекеніндегі блок-бекетті күзеткен сақшыларды BMW автокөлігі соққан болатын. Апатқа кінәлі жүргізушінің өзі де бұрын полицияда жұмыс істеген. Оқиға салдарынан 2 полицей қаза тапса, үшіншісі ауыр халде ауруханаға жеткізілген.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы