Алматыда қонақүйден өрт шығып, бөлмеде ұйықтап жатқан адам құтқарылды
Құтқарылған адам Алматыға іссапармен келген
14 қыркүйек сағат 23:00 шамасында Алматы қаласы Алатау ауданындағы Шоссейная көшесіндегі қонақүй кешенінде өрт шықты. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
«Кеше сағат 22.30 шамасында қызметкерлерім маған қоңырау шалып, қатты түтін шығып, өрт дабылы қағылғанын айтты. Мен тездетіп жұмысқа келіп, арнайы қызметті шақырдым. Сонда бір жігіт бөлмеде ұйықтап жатқан жас жігітті құтқарып, өмірін қатерге тікті. Кейін белгілі болғандай, ол Алатау ауданының полиция қызметкері болып шықты», – деді қонақүй кешенінің иесі.
Әңгіме Алатау ауданы полиция басқармасы бастығының орынбасары Жансерік Мыңжасаров туралы болып отыр. Сол сәтте Ж. Мыңжасаров кезекшілікте болып, Шаңырақ шағынауданына қарай бет алған.
«Солтүстік айналма көшесімен келе жатып қонақүйден шыққан түтінді көрдім. Көлігімді қойып, дереу сонда жүгірдім. Ғимараттың алдында 10 шақты адам болды. Әкімшіден іште адамдардың бар-жоғын сұрадым. Ол 108-бөлмеде ер адам бар екенін және оның қатты ұйықтап жатқанын түсіндірді. Содан екінші қабатқа көтерілдім, түтін қатты екен. Есікті сындыру керек болды. Сосын оны көшеге алып шықтым», – деді подполковник Мыңжасаров.
Белгілі болғандай, құтқарылған адам Алматыға іссапармен келген.
«Мен осында ұйықтап жаттым. Жолдан қатты шаршадым. Өрт шыққан соң олар менің бөлмемнің есігін қатты қаққан, бірақ мен естімеппін. Содан кейін ер адам келіп, есікті бұзып, мені алып шықты», – деп алғысын білдірді.