Атырауда жоғалып кеткен кәсіпкердің денесі құдықтан табылды
Ол сегіз күн іздеуде болды
Атырауда белгісіз жағдайда жоғалып кеткен 47 жастағы фермердің мәйіті табылды. Марқұмның денесі сегіз күн өткенде Құлсарыдан 100 шақырым жердегі құдық ішінен шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Бір аптадан астам уақыт бойы табылмай жатқан Нұрәлі Нұртілеуовтің туыстары әкімдік алдына барып наразылықтарын білідіріп еді. Олар құзырлы органдарды «жұмыс істемейді» деп айыптады.
«Бұрын мал ұрланатын еді. Енді адам ұрланады. Масқара болды. Бүкіл айғағын тауып бердік. Айғақтардың барлығы соның үйінен табылып тұр. Мотоциклдің ізі соның үйіне дейін барады. Өртенген оқ пен телефон соның үйінің қасынан табылады. Айғақтың бәрі аудандық ішкі істер бөлімінде бар. Бірақ құзырлы органдар ешқандай жұмыс істеп жатқан жоқ», - дейді марқұмның туыстары.
Ал облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қылмысқа күдікті Құлсары қаласының 1982 жылы туған тұрғыны бұрын сотталған азамат ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Кісі өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалған.